SCS_press&publications

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ Save the Caspian Sea депутаттарды Каспий теңізін және жергілікті қауымдастықтардың мүдделерін қорғау саясатын күшейтуге шақырды

Публикация
БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Save the Caspian Sea депутаттарды Каспий теңізін және жергілікті қауымдастықтардың мүдделерін қорғау саясатын күшейтуге шақырды

АСТАНА – 2025 ж. 22 сәуірде Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің «Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелердің орындалу барысы туралы» тақырыбындағы отырысында Save the Caspian Sea жаһандық экологиялық қозғалыстың негізін қалаушы Вадим Ни Каспийді қорғауға бағытталған халықаралық конвенциялар мен келісімдердің нақты іске асу тетіктерінің жоқтығын атап өтті.

Ол Қазақстанның Каспий теңізін қорғауға бағытталған Тегеран конвенциясы, қоғамның қоршаған орта саласындағы құқықтарына қатысты Орхус конвенциясы және

Париж климаттық келісімі сияқты бірқатар маңызды халықаралық экологиялық келісімдердің толыққанды қатысушысы екенін еске салды. Алайда, бұл құжаттарда көзделген тетіктер іс жүзінде жұмыс істемей отыр.

«Тегеран конвенциясы қабылданғанда Каспийдің экологиялық мәселелерін шешуге үміт пен сенім артылды. Келесі жылы оның күшіне енгеніне 20 жыл толады. Алайда осы уақыт ішінде конвенция аясындағы іс-шаралар өте шектеулі және тұрақсыз сипатқа ие. Бұл конвенция мен оның хаттамалары бойынша міндеттемелермен үстірт таныс адамдардың өзі санаулы. Үміттер тек қағаз жүзінде қалды – тіпті тұрақты хатшылық та жоқ. Конвенция маңызды дипломатиялық алаңға айналмады. Каспийдің тайыздануына қарсы күрес шараларында да ешқандай ілгерілеу байқалмайды, бұрын қабылданған хаттамалар да орындалмай отыр», – деді Вадим Ни.

Сондай-ақ, ол Тегеран конвенциясының 21-бабы мен Орхус конвенциясының 4 және 5-баптары қоршаған ортаға қатысты ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндеттейтінін атап өтті. Дегенмен, басты кедергілердің бірі – 1990-жылдары жасалған Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз сияқты ірі мұнай-газ кен орындарына қатысты келісімдердің құпиялығында.

«Каспий теңізі – бұл жай ғана табиғи нысан емес. Ол – миллиондаған адам үшін өмірдің, тұрақтылықтың және халықаралық серіктестіктің көзі. Егер теңіз жойылып кетсе, қандай да бір инвестиция, стратегия немесе амбицияның мәні қалмайды», – деді Вадим Ни.

Оның пікірлері депутаттар тарапынан қолдау тапты. Атап айтқанда, депутат Сергей Пономарёв бұл бағыттағы жұмыстардың жеткіліксіз жүргізіліп жатқанын айтып: «20 жыл ішінде жұмыс комиссиясының орналасқан жері де анықталмаған болса, бұл тараптар бір-бірін мүлдем тыңдамай отыр деген сөз», – деп атап өтті.

Өз кезегінде, Save the Caspian Sea экологиялық қозғалысы Каспийді қорғау бойынша тек халықаралық емес, сонымен қатар ішкі мемлекеттік саясатты да күшейтуді ұсынып отыр және келесі бастамаларға:

  • конвенциялар шеңберіндегі халықаралық келіссөздерге бақылаушы ретінде белсенді қатысуға;
  • сарапшылар, мемлекет және азаматтық қоғам арасында ашық диалог алаңын құруға ықпал етуге;
  • биологиялық әртүрлілікті қорғау, тәуелсіз экологиялық мониторингті дамыту және Каспийдің солтүстік бөлігіндегі қызметті реттеу бойынша заңнамалық бастамаларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, қозғалыс барлық мұнай операторларымен жасалған келісімдердің экологиялық талаптарын қайта қарау қажеттілігіне және қоғам мен табиғи орта мүдделерін қозғайтын мәселелерде ашықтықты қамтамасыз ету маңыздылығына назар аударды.

Қозғалыс туралы:

Save the Caspian Sea жаһандық қозғалысы 2024 жылдың желтоқсанында қазақстандық және халықаралық ҮЕҰ-ның қатысуымен құрылды. Оның мақсаты – Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау және мұнай корпорацияларының экологиялық салдарға жауапкершілігін арттыру.

Қозғалыс экологиялық мәселелерге назар аударту үшін ауқымды жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, сарапшылар, белсенділер, ғалымдар, депутаттар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен «You.Sea.Problem» халықаралық конференциясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ үш тілде «Каспий теңізі: құтқару не жоғалту» кітабы, «Каспий дауысы» деректі фильмі және теңіз мәселелеріне арналған бейнероликтер сериясы жарық көрді. Барлық материалдар www.savethecaspiansea.com сайтында қолжетімді.

Мониторинг мәліметтері бойынша: 2005-2023 жылдар аралығында Каспий теңізінің деңгейі 185 см-ге төмендеп, су бетінің ауданы 31 мың шаршы шақырымға қысқарды. Егер бұл үрдіс жалғасса, XXI ғасырдың соңына қарай су деңгейі 18 метрге төмендеп, теңіз ауданы 34%-ға азаюы мүмкін. Алты эндемикалық бекіре тұқымдас балық түрінің жойылу қаупі бар. Каспий итбалығының саны 90%-ға азайып, бір миллионнан жүз мыңға дейін төмендеген.

Save the Caspian Sea қозғалысы бұқаралық ақпарат құралдарын Каспий экологиясы мен мұнай компанияларының жауапкершілігі мәселелерін кеңінен жариялауға шақырады. Қоғамдық резонанс пен ақпараттандыру – өңір экожүйесін сақтауға қажетті шараларды қабылдаудың басты шарттары.
Made on
Tilda