SCS_press&publications

Пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бастама (EITI) Қазақстанда келісімшарттар мен лицензиялардың ашық болуын талап етеді

Публикация
БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бастама (EITI) Қазақстанда келісімшарттар мен лицензиялардың ашық болуын талап етеді

Пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бастама (EITI) Қазақстан бойынша бағалау нәтижелерін жариялады. Олардың қорытындысы бойынша Қазақстан 100 мүмкін ұпайдың 56-сын жинады. Бұл нәтиже EITI стандартын «салыстырмалы түрде төмен деңгейде орындау» ретінде бағаланады.

Негізгі сын ескертулердің қатарына келісімшарттардың, сонымен қатар кірістер мен бенефициарлар туралы деректердің жеткілікті түрде ашық болмауы, сондай-ақ азаматтық қоғамның пайдалы қазбалар саласын басқаруға қатысуының шектеулігі көрсетілді.

Бұл қорытындыны экобелсенділер мен азаматтық қоғам өкілдерінің, соның ішінде мұнай келісімшарттарының құпия баптарын жариялауға және экологиялық саясатты күшейтуді талап ететін Save the Caspian Sea жаһандық экологиялық қозғалысының белсенділерінің бұған дейін білдірген алаңдаушылықтарын растайды.

EITI стандарты шеңберінде Қазақстан 34 талап бойынша бағаланды: оның ішінде 4-і толық орындалған, 20-сы негізінен орындалған, 7-і ішінара орындалған, 3-і бағаланбаған немесе қолданылмайтын деп танылған.

«Цифрлық қолжетімділік пен құқықтық базада жекелеген жетістіктерге қарамастан, Қазақстанның негізгі бағыттар бойынша көрсеткіштері мәз емес. Бұған қоса, көптеген жылдар бойы қол жеткізілген нәтижелерден кейін үкіметтің ашықтықты төмендетуге бет бұрғаны және саланы басқаруда көпжақты диалогты іс жүзінде тоқтатқандығы – алаңдатарлық жайт. Егер жүйелік кемшіліктер жойылмаса, Қазақстанның EITI құрамындағы мәртебесі уақытша тоқтатылып, кейін Бастамадан толықтай шығуына әкеп соғуы мүмкін», – деді «Эхо» ҚБ-нің бағдарламалық директоры, EITI халықаралық басқарма мүшесі және Save the Caspian Sea қозғалысы қалаушыларының бірі Мария Лобачева.

Save the Caspian Sea қозғалысы елдің құзырлы органдарын анықталған бұзушылықтарды жоюға шақыра отырып, тұрақты экологиялық саясаттың пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ашықтықсыз мүмкін емес екенін баса айтады. Ашықтықтың болмауы және азаматтық бақылаудың жоқтығы сыбайлас жемқорлыққа ғана емес, Каспий теңізінің ластануы, биологиялық әртүрліліктің жоғалуы мен экожүйенің бұзылуы сияқты ірі экологиялық апаттарға да алып келеді.

Анықтама үшін:

Қазақстандағы мұнай мен конденсат қорының шамамен 95%-ы елдің батыс өңірінде шоғырланған. Атап айтқанда, бұл қорлар негізінен үш ірі мұнай-газ бассейнінде – Каспий, Маңғыстау және Солтүстік-Үстірт бассейндерінде орналасқан. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған ең ірі кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. 2024 жылы аталған «үш алып» елдегі жалпы мұнай өндіру көлемінің 65,5%-ын қамтамасыз етті. Бұл – 87,7 миллион тоннаның 57,4 миллион тоннасын құрады.

EITI (Extractive Industries Transparency Initiative) – табиғи ресурстарды өндіруден түсетін табыстардың ашықтығын және азаматтық қоғамның осы саладағы басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін халықаралық стандарт. Қазақстан бұл бастамаға 2007 жылдан бері қатысып келеді. Есептің толық мәтіні www.eiti.org сайтында қолжетімді.
Made on
Tilda