SCS_press&publications

Баспасөз релизі Қашаған кен орнын игеру жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар жергілікті тұрғындар мен экологтардың наразылығын туғызды

Публикация
Баспасөз релизі Қашаған кен орнын игеру жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар жергілікті тұрғындар мен экологтардың наразылығын туғызды

Атырау облысы, Доссор кенті – 2025 жылғы 9 қазан

NCOC компаниясы Қашаған кен орнын игеру жобасы бойынша 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) тақырыбында қоғамдық тыңдаулар өткізді. Алайда, іс-шара экологиялық ұйымдар мен жергілікті тұрғындардың өткір сыны мен наразылығына ұшырады.

Негізгі сын – тыңдаулардың құқықтық негізсіздігіне қатысты болды. Белсенділердің айтуынша, компанияның келісімшарты 2041 жылы аяқталады, сондықтан 2050 жылға дейінгі жоба заңды күші жоқ деп есептейді. NCOC өкілдері бұл мерзім «пайдалы өндіру кезеңін» көрсетеді деп түсіндіргенімен, белсенділер мұндай уәжді жеткіліксіз деп санайды.

Экологтар жобаның ескірген деректерге сүйенетінін және табиғи ортаның маңызды өзгерістерін елемейтінін атап өтті. Мәселен, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, жел бағыты мен жылдамдығының, толқын биіктігінің және ауа температурасының өзгеруі назарға алынбаған. Сонымен қатар, есепте метан секілді парниктік газдардың шығарындыларына қатысты деректер жоқ.

Save the Caspian Sea қозғалысының негізін қалаушы Галина Чернова компания 2021 жылғы ҚОӘБ құжатын пайдаланып отырғанын, оның қазіргі климаттық жағдайға сәйкес келмейтінін алға тартты:

«Бұл деректер шынайы экологиялық қатерлерді көрсетпейді және компанияның ұзақ мерзімді әрі жауапты экологиялық стратегиясының жоқтығын дәлелдейді. Біз нақты әрі ашық деректер алынғанға дейін бұл жобаны қабылдай алмаймыз», – деді Г. Чернова.

Тыңдаулар барысында теңіз деңгейі төмендеген жағдайда компанияның балама жоспары туралы сұрақ қойылды. NCOC өкілдері аралға жол салу және жаңа 5 ұңғыма бұрғылап, олардың жалпы санын 168-ге дейін арттыру жоспары бар екенін мәлімдеді. Алайда қоғамдық ұйымдар мұндай шешімнің тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздігіне күмән келтірді.

Белсенділер әлеуметтік-экономикалық мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, Макат пен Доссор елді мекендерінің тұрғындары денсаулықтың нашарлауы мен онкологиялық аурулардың көбеюін күкіртті сутегі шығарындыларымен және өзге де өнеркәсіптік ластанулармен байланыстырады. «21 жылдан бері уәде етілген жұмыс орындары мен өңірдің нақты дамуын күтіп келеміз», – деді жергілікті қауым өкілдері.

Экологтар мен бастамашыл топтар компания ұсынған жобамен түбегейлі келіспейтіндерін білдірді. Олардың пікірінше, құжат ашық емес, ескірген деректерге сүйенген, қауіптерді елемейді және қазіргі экологиялық сын-қатерлерге жауап бермейді. Белсенділер тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен, толық аудармамен және Каспий экожүйесінің нақты жағдайын көрсететін өзекті деректер негізінде жаңа, заңды және шын мәнінде қоғамдық тыңдаулар өткізуді талап етуде.
Made on
Tilda