SCS_press&publications

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ Каспий теңізі: жерсеріктер апта сайын жаңа мұнай қалдықтарын тіркеуде

Публикация
БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Каспий теңізі: жерсеріктер апта сайын жаңа мұнай қалдықтарын тіркеуде

АСТАНА – 2025 жылдың мамыр айының басынан бастап Sentinel-1A және Sentinel-1C жерсеріктері Каспий теңізінен апта сайын жаңа мұнай қалдықтары бар дақтарды тіркеп келеді. Бұл туралы Save the Caspian Sea жаһандық экологиялық қозғалысы «Прозрачный Мир на Каспии» жобасының деректеріне сүйене отырып хабарлайды.

2025 жылдың 23 маусымындағы жағдай бойынша жағалауға жақын аймақтар мен ашық теңізде жалпы аумағы 64 шаршы шақырымнан асатын шамамен 40 дақ анықталған. Ластану жағдаяттары Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей және Түрікменстанға тиесілі секторларда тіркелген.

Ластанулар тұрақты түрде орын алып жатқанына қарамастан, құзырлы органдар тарапынан қандай да бір әрекет туралы ақпарат жоқ. Осыған байланысты 2025 жылғы 13 маусымда Save the Caspian Sea қозғалысының негізін қалаушы Вадим Ни ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдап, мемлекеттік жерсеріктік мониторинг жүргізілуі, ластанулардың ресми түрде тіркеліп, есепке алынуы және апатты жою жоспары туралы, сондай-ақ Қазақстан секторындағы кеме қозғалысының бақылануы жайында мәселелер бойынша ақпарат беруді сұрады. Әзірге ресми жауап алынбады.

«Біз Каспийдің нәзік экожүйесінің тұрақты ластануына жол бере алмаймыз. Қазіргі заманғы технологиялар мұнай төгілулерін, соның ішінде балластты сулардың төгілуінен туындайтын жағдайларды дер кезінде анықтап, жоюға мүмкіндік береді. Біздің қозғалыс мемлекеттік органдардан Каспий теңізіндегі мұнай дақтарына жедел әрекет ету шараларын қабылдауды талап етеді», – деді Вадим Ни.

2025 жылғы мамыр-маусым айларындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан секторында жалпы аумағы 18 км² болатын кемінде 7 ластану жағдайы тіркелген. Ресей секторында жалпы көлемі 14 км² құрайтын 25 дақ анықталған. Әзірбайжан секторында спутниктер 28,8 км² аумақты қамтыған 5 жағдайды тіркеген. Сонымен қатар, Түрікменстан секторында жалпы көлемі 4,1 км² болатын екі ластану фактісі анықталған.

«Мәселе тек бір ғана төгілу оқиғасында емес, жинақталған әсерде жатыр. Каспий теңізін ғарыштан тұрақты түрде жедел бақылау төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет етуге ғана емес, сонымен қатар ғалымдарға теңіз экожүйесіне ұзақ мерзімді техногендік қысымды бақылауға мүмкіндік береді. Бұл – басқа жолмен қол жеткізу мүмкін емес көзқарас», – деді «Прозрачный Мир на Каспии» жобасының үйлестірушісі Андрей Балагуров.

Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында жалпы ауданы шамамен 32 км² болатын мұнай қалдықтары бар 15 дақ анықталған болатын. Көлемі шағын дақтардың өзі экожүйеге елеулі зиян келтіреді: судағы газ алмасу бұзылады, балық, теңіз құстары мен планктон удан зардап шегеді.

Анықтама үшін:

Мониторинг Sentinel-1A және Sentinel-1C жерсеріктерінен алынған деректер және Ресей Ғылым академиясының Ширшов атындағы мұхиттану институтының әдістемелері негізінде жасалған CLASS.PRO платформасы арқылы жүргізіледі. Зерттеуге «Лоретт» ЖШС, «Раймет» ғылыми-өндірістік қоры және Ctrl2GO тобы қатысады. Нәтижелер transparentworld.tech сайтында қолжетімді.
Made on
Tilda