SCS_press&publications

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ Шілдеде Каспий теңізіне тағы 25 шаршы шақырым мұнай қалдықтары төгілген

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Шілдеде Каспий теңізіне тағы 25 шаршы шақырым мұнай қалдықтары төгілген

АСТАНА – Каспий теңізі ай сайын мұнай қалдықтарымен ластанып жатыр. 2025 жылдың шілде айында Sentinel-1A және Sentinel-1C жерсеріктері теңіз акваториясынан жалпы көлемі 25 шаршы шақырымды құрайтын 28 мұнай дағын анықтады. Бұл деректі Save the Caspian Sea жаһандық экологиялық қозғалысы «Прозрачный Мир на Каспии» жобасының мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Зиянды қалдықтардың бір бөлігі теңіз жағалауына жақын маңнан табылса, қалғаны теңіздің ашық аймағында орналасқан. Соның ішінде аумағы шамамен 7 шаршы шақырымға тең төрт дақ Қазақстан секторына тиесілі болса, Ресей аумағында – 21 дақ (16,79 км²), Әзірбайжан секторында 3 дақ (1,3 км²) тіркелген.

«Ай сайын осындай ластану фактілерінің қайталануы Каспийге кесілген үкім іспеттес. Бұл бір реттік емес, тұрақты әрі жүйелі қайталанып тұратын экологиялық қатер. Алайда мемлекеттік органдар тарапынан нақты әрі үйлестірілген әрекет байқалмай отыр», – дейді Save the Caspian Sea қозғалысының негізін қалаушы Вадим Ни.

Қозғалыс ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Бас прокуратурасына және Көлік министрлігіне ресми сауал жолдап, мемлекеттік жерсеріктік мониторинг жүргізілуі, ластанулардың ресми түрде тіркеліп, есепке алынуы және апатты жою жоспары туралы, сондай-ақ Қазақстан секторындағы кеме қозғалысының бақылануы жайында мәселелер бойынша ақпарат беруді сұрады. Экология министрлігі тек формалды жауап бергенімен, нақты ақпарат бермеді. Аталған релиз жарияланған сәтте Көлік министрлігі жауап қайтармады.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың мамыр айында Каспийде 64 шаршы шақырымнан асатын шамамен 40 дақ анықталған еді. Ол кезде ластану Қазақстанмен қатар, Ресей, Әзірбайжан және Түрікменстан секторларында да тіркелген.

Анықтама үшін:

Мониторинг Sentinel-1A және Sentinel-1C жерсеріктерінен алынған деректер және Ресей Ғылым академиясының Ширшов атындағы мұхиттану институтының әдістемелері негізінде жасалған CLASS.PRO платформасы арқылы жүргізіледі. Зерттеуге «Лоретт» ЖШС, «Раймет» ғылыми-өндірістік қоры және Ctrl2GO тобы қатысады. Нәтижелер transparentworld.tech сайтында қолжетімді.

Қазақстан секторындағы ықтимал кеме төгілуі (ауданы 6 шаршы км), Sentinel-1A радиолокациялық суреті бойынша, 2025 ж. 29 шілде

Дереккөз: «Прозрачный мир на Каспии» жобасы

Ресей секторындағы ықтимал кеме төгілуі (ауданы 6 шаршы км), Sentinel-1A радиолокациялық суреті бойынша, 2025 ж. 16 шілде

Дереккөз: «Прозрачный мир на Каспии» жобасы

Ресей секторындағы жағалаулық нысандардан шыққан ластану, Sentinel-1A радиолокациялық суреті бойынша, 2025 ж. 16 шілде

Дереккөз: «Прозрачный мир на Каспии» жобасы

Әзірбайжан секторындағы фрагменттелген кеме төгілуі (ауданы 0,2 шаршы км), Sentinel-1A радиолокациялық суреті бойынша, 2025 ж. 17 шілде

Источник: проект «Прозрачный мир на Каспии»
Made on
Tilda