БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ Женевада Каспий теңізінің үштік дағдарысы талқыланды
2025-11-21 16:37
БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
Женевада Каспий теңізінің үштік дағдарысы талқыланды
ЖЕНЕВА – 2025 жылдың 18 қарашада Орхус конвенциясы Тараптарының Кеңесі аясында «Каспий теңізінің үштік дағдарысы» атты сайд-ивент өтті. Іс-шарада Save the Caspian Sea жаһандық экологиялық қозғалысының негізін қалаушы Вадим Ни сөз сөйледі. Бұл Қазақстандағы өнімді бөлісу туралы келісімдердің (ӨБК) экологиялық бөлігін ашуға бағытталған бір жылдық нәтижесіз әрекеттерден кейін жасалған мәжбүрлі қадам болды.
Атап айтқанда, Вадим Ни Қазақстанның Энергетика министрлігіне Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындары бойынша ӨБК шеңберіндегі экологиялық ақпаратқа қол жеткізу үшін ресми сұраулар жолдаған. Биылғы қаңтарда ол келісімшарттарды ұзарту тек олардың экологиялық талаптары ашық көрсетілген жағдайда ғана мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда сәуір айында бірінші инстанция соты мен апелляциялық сот оның Энергетика министрлігіне қарсы талап-арызын қараудан бас тартты. Бұл сот арқылы ашықтыққа қол жеткізу мүмкіндігін іс жүзінде бұғаттады. Осыдан кейін мәселе халықаралық механизмдерге – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Арнаулы рәсімдеріне, сондай-ақ Орхус конвенциясының Сәйкестік жөніндегі комитетіне жіберілді.
«Біз бір жыл бойы заң аясында әрекет еттік: сұраулар жолдадық, шаралар қабылдауды талап еттік, мемлекеттік органдар мен соттарға жүгіндік. Бірақ мұнай келісімдерінің экологиялық шарттарын қоршап тұрған құпиялылықтың тас қамалына тап болдық. Ақпаратқа қол жеткізу құқығымыз да, оны сот тәртібімен даулау мүмкіндігіміз де қамтамасыз етілмеді. Сондықтан біз Орхус конвенциясының және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің халықаралық механизмдеріне жүгіндік. Мұнай келісімдерінің экологиялық шарттарын ашудан бас тарту – Каспий теңізіне және Қазақстанда тұратын миллиондаған адамның құқықтарына төнген тікелей қауіп», – деді Вадим Ни.
*Анықтама үшін
«Каспий теңізінің үштік дағдарысы» атты сайд-ивент Орхус конвенциясы Тараптарының кезекті Кеңесі шеңберінде өтті. Оның мақсаты – Каспий теңізіндегі экологиялық дағдарысқа назар аударту. Бұл мәселе 2025 жылы Тяньцзиньде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде және Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан да көтерілген. Іс-шараға халықаралық ұйымдардың өкілдері (БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы), сондай-ақ еуропалық экологиялық ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты.
Орхус конвенциясы мемлекеттерді экологиялық ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, экологиялық шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықты қатыстыруға және бұл құқықтар бұзылған жағдайда әділеттілікке қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндеттейді. Қазақстан Орхус конвенциясына 1998 жылы қол қойып, 2000 жылы ратификациялаған. Конвенция 2001 жылғы 30 қазанда күшіне енді.
«Каспий теңізін сақтайық» жаһандық қозғалысы – Каспий теңізінің бірегей экожүйесін қорғауға бағытталған ұйым. Ол корпорациялардан есеп беруді, ашықтықты және экологиялық жауапкершілікті талап етеді. Қозғалыс экологиялық ұйымдармен, жергілікті қауымдастықтармен, үкіметтермен және түрлі салалар өкілдерімен бірлесе отырып, теңіздің ластануы мен мекендеу ортасының жойылуы сияқты өзекті экологиялық мәселелерді шешуге ұмтылады.