SCS_press&publications

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
«Соңғы жағалау» синхронды фотокөрмесі: төрт қала – бір теңіздің тағдыры

Публикация
БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

«Соңғы жағалау» синхронды фотокөрмесі: төрт қала – бір теңіздің тағдыры

12 тамыз күні, Халықаралық Каспий күні аясында, Қазақстанның төрт қаласында – Астанада, Алматыда, Ақтауда және Атырауда – белгілі фотограф Оспан Әлидің «Соңғы жағалау» атты фотокөрмесінің бір мезетте ашылуы өтті. Іс-шара 11–16 тамыз аралығында өтетін, жаһандық Save the Caspian Sea экологиялық қозғалысы ұйымдастырып отырған High Caspian Week ауқымды бағдарламасының шарасы болып табылады.

«Соңғы жағалау» – қазақстандық фотограф Оспан Әлидің жойылып бара жатқан теңіздің жағасында өмір сүріп жатқан адамдар жайлы терең әрі жеке фотоәңгімесі. Көрмедегі кадрларда – адамдардың жүздері, тұрмысы, үйлері және шегініп бара жатқан судың үнсіз бейнесі. Бұл туындылар – тек экологиялық апаттың ғана емес, Каспиймен біте қайнасқан өмір салтының біртіндеп жойылып бара жатқанын айғақтайды.

Төрт қала – төрт параллель ашылу – бір тағдыр. Бұл – камера объективі арқылы баяндалған ортақ тарих. «Соңғы жағалау» – автордың Каспий жағалауына екі мәрте жасаған экспедицияларының нәтижесі. Фотосуреттерінде адамдар, үйлер, жануарлар және таязданып бара жатқан теңіз келбеті бейнеленген. Бұл – табиғи апатпен қатар, ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс дағдысының да жоғалуына куәлік.

Оспан Әли: «Бұл – мен үшін ең әсерлі әрі ең жеке көрме. Фотоларымда теңіздің, адамдардың, жануарлар мен құстардың тағдырларының қалай өзара байланысқанын көрсеткім келді. Құрғап қалған жерді, бос қайықтарды, көмескі көкжиекті түсіруім – қорқыту үшін емес. Көрермен уақыттың өтіп бара жатқанын, судың шегініп бара жатқанын сезсе деймін. Олар кеше ғана толқын шайып жатқан жағалауда тұрғандай күй кешсін. Және өзіне: “Біз артта не қалдырамыз?” – деген сұрақ қойсын», – дейді.

Көрменің төрт қалада бір мезетте ашылуы – әлемдегі ең ірі тұйық су айдынының жедел таяздануына қатысты ортақ алаңдаушылық пен ынтымақты білдіреді. Каспий – тек экожүйе ғана емес, миллиондаған адам үшін мәдени, экономикалық және рухани құндылықтардың қайнар көзі.

Көрмені екі апта бойы тегін келесі мекенжайлар бойынша тамашалауға болады:

  • Астана – «Has Sanat» өнер галереясы, Дінмұхамед Қонаев көшесі, 14г
  • Алматы – ҚР Суретшілер одағы ғимараты, Панфилов көшесі, 92
  • Ақтау – «Flamingo» кафесі, Приморский-1 шағын ауданы, 1/2
  • Атырау – «Yemaa» заманауи өнер орталығы, Құрманғазы көшесі, 12

High Caspian Week – Каспий теңізінің күрделі экологиялық жағдайына назар аударып, оны сақтап қалуға бағытталған нақты әрі тұрақты шешімдерді жүзеге асыруға арналған халықаралық экологиялық, мәдени және ақпараттық апталық.
Made on
Tilda