SCS_press&publications

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ Каспий теңізінің түбін тереңдету жобасы жұртшылық пен экологтардың қолдауына ие болмады

Публикация
10 МАУСЫМ 2025, АТЫРАУ – «Қашаған» кен орнының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) бастамасы – Каспий теңізі акваториясында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жобасы жұртшылық пен экологтардың мақұлдауына ие болмады.

22 мамырда Атырау облысының Дамба ауылында өткен қоғамдық тыңдауда мамандар мен азаматтық белсенділер жобаны қатты сынға алды. Сарапшылардың пікірінше, тереңдету судағы шудың едәуір артуына әкеледі, бұл балықтар үшін, әсіресе жойылып кету қаупі төнген бекіре тұқымдас балықтарға өте қауіпті. Сонымен қатар, жасанды жарықтандыру қоректік тізбектің негізгі буыны болып табылатын зоопланктонның биоритмдерін бұзады.

Сондай-ақ, экологтар тыңдау барысында жіберілген процедуралық бұзушылықтарға назар аударады. ҚР Экологиялық кодексінің 73-бабының 16-тармағына сәйкес қоғамдық тыңдаулар хаттамасына төраға мен хатшы ескертулер мен ұсыныстар болмаған жағдайда қол қоюға тиіс. Алайда экологтардың барлық сұрақтарына жауап берілмеді. Сонымен қатар, соңғы хаттамаға тыңдаулар кезінде айтылмаған жауаптар енгізілген, бұл оның дұрыстығына күмән тудыртады.

Экологтардың ұстанымын Атырау облысы бойынша Экология департаменті қолдап, жұмыстарды жүргізуге рұқсат бермеді.

«Қашаған кен орны нысандарын орналастыру. Теңіз кешені. Тереңдету түбін жөндеу» жобасы бойынша» мемлекеттік экологиялық сараптама шеңберінде дәлелді ескерту берілді. Бүгінгі күні жоба әлі қарастырылуда және барлық келіп түскен өтініштер, соның ішінде жұртшылықтан келіп түскен өтініштер түпкілікті қорытынды шығару кезінде ескерілетін болады», – деп хабарлады Атырау облысы бойынша Экология департаменті.

Осылайша, тыңдаулар қалың жұртшылық пен құзыретті органдар тарапынан келісімнің жоқтығын тіркеді. Бұл осы кезеңде жоба заңды қолдау таппағаның және елеулі ескертулерді қайта қараусыз жүзеге асырылуы мүмкін еместігін білдіреді.

Тыңдаулардан кейін экологтар өздерін телефон арқылы NCOC қызметкерлері ретінде таныстырған адамдардан жобаны талқылау үшін «бір сағатқа» кездесуге шақырулар ала бастады. Бұл жағдайларды компанияның әрбір қатысушының позициясына жеке әсер ету әрекеті ретінде қарастыруға болады.

«Біз мұны қысым стратегиясы ретінде көреміз – қоғаммен адал диалог құру және жобаны өзгерту үшін жұмыс істеудің орнына, компания белсенділермен жеке-жеке келісуге тырысуда. Бұл қоғамдық тыңдаулар рәсіміне деген сенімге нұқсан келтіреді және ашықтық пен жариялылық қағидаттарын бұзады», – деді Save the Caspian Sea жаһандық экологиялық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі және «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының атқарушы директоры Галина Чернова.

Экологиялық қауымдастық қысым жасау немесе рұқсат алудың заңды процедураларын айналып өту әрекеттері орынсыз екенін атап көрсетеді. Қоғамдық тыңдаулар формальдылық емес, адамдар мен табиғатты қорғау құралы. Каспий теңізінің экологиялық ахуалының нашарлауы жағдайында шешімдердің жергілікті тұрғындар мен экологтардың пікірін ескере отырып қабылдануы өте маңызды.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты экологтар мыналарды талап етеді:

1. Айтылған ескертулер ескерілсін және тыңдау барысында айтылған жұртшылықтың ескертулерін міндетті түрде енгізе отырып, жоба материалдары пысықтауға жіберілсін.

2. Жаңартылған материалдар бойынша қайта қоғамдық тыңдаулар өткізілсін.

3. Бұзушылықтар жойылғанға дейін және қойылған барлық сұрақтарға жауап берілгенге дейін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын беру процесі тоқтата тұрылсын.

Save the Caspian Sea жұртшылық пен БАҚ-ты жағдайға назар аударуға және экологиялық заңнама мен бизнестің азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесуінің этикалық нормаларын сақтауға шақырады.
Made on
Tilda